Құранды басынан аяғына дейін оқып шығудың (хатым қылудың) ең оңай жолы
Құранды басынан аяғына дейін оқып шығудың (хатым қылудың) ең оңай жолы

Мұсылман мүмкіндігінше Құран оқумен шұғылданғаны дұрыс. Сәләф салихтардың (әуелгі өткен ізгілердің) Құранды хатым ету мерзімдері әртүрлі болған. Ибн Әбу Дәуіттің риуаятына қарағанда, кейбір сәләфтар әр екі айда бір рет, кейбіреулері айына бір рет Құранды оқып бітірген. Сондай-ақ он күнде хатым еткендері де риуаят етіледі. Басқа да тарихи қайнаркөздерде кейбіреулерінің сегіз, жеті, алты, бес, төрт, үш, екі, бір түнде Құранды хатым еткендері жайлы, тіпті, бір күн, бір түнде екі, үш, төрт, сондай-ақ түнде төрт рет, күндіз төрт рет хатым еткендері де кездеседі.

Осман (р.а), Тәмим әд-Дәри[1], Сәғид ибн Жубәйр[2], Мужәһид[3] және әш-Шәфиғи секілді кісілер Құранды бір тәулікте хатым еткендер тобына жатады.

Харижа ибн Мұсғаб: «Құранды бір рәкәтта толығымен оқып бітетін төрт имам бар, олар: Осман ибн Аффан, Тәмим әд-Дәри, Сайд ибн Жубәйр және Имам ағзам Әбу Ханифа» деген[4].

Мұғауияның (р.а) дәуірінде Мысырдың қазысы болған Суләйм ибн Омар[5] (р.а) бір тәулікте Құранды үш рет хатым еткен. Бұл жайында Әбу Бәкр ибн Әбу Дәуіт: «Ол бір түнде үш рет хатым ететін болған» деген. Әбу Омар әл-Кинди[6] болса, «Қудат Миср» атты кітабында: «Ол бір түнде төрт рет хатым ететін-ді» деп жазған.

Әбу Абдурахман әс-Суләми[7] (р.а): «Мен ұстаз Әбу Осман әл-Мағрибидің[8]: «Ибн әл-Кәтиб (р.а) күндіз төрт рет, түнде төрт рет хатым қылатын еді» деп айтқанын естідім» деген.

Әхмад әд-Дәурақи[9] табиғиндердің ғибадатшыл кісісі Мансур ибн Зәзәннан[10] (р.а) риуаят еткен хадисінде: «Ол (Мансур ибн Зәзән) Құранды бесін және асыр намаздарының арасында бір рет хатым етіп, сондай-ақ шам мен құптан намаздарының арасында бір рет хатым ететін-ді. Рамазанда құптанды түннің төрттен бір бөлігі өткенге дейін кешіктіріп, шам мен құптан аралығында Құранды екі рет аяқтап, тағы азғантай қосып оқып қоятын» деген.

Имам Әбу Дәуіт сахих тізбекпен Мужәһидтің рамазан айында әр күні шам мен құптан намаздарының аралығында Құранды хатым ететіні жайлы айтқан.

Мансурдан жеткен деректе: «Әли әл-Әздий[11] рамазан айында әр түні шам мен құптан арасында Құранды бір рет хатым қылатын еді» делінген.

Ал Ибраһим ибн Сәғдтан жеткен хабарда ол: «Әкем тізелерін бір-біріне қосып, тізерлеп отырып һәм Құранды хатым етіп болмайынша аяқтарын жазбайтын-ды» деген. 

Құран Кәрімді бір ракағаттың өзінде хатым қылған кісілердің саны өте көп. Хәзірет Осман ибн Аффан, Тәмим әд-Дәри және Сәғид ибн Жубәйр (Алла бұл кісілерден разы болсын!) сондай кісілердің санатынан. Сәғид ибн Жубәйр (р.а) Қағбада Алланың сөзін әрбір ракағатта жеке-жеке хатым етіп намаз оқыған.

Құранды бір аптада бір рет хатым еткен кісілердің де саны өте көп. Сахабалардан Осман ибн Аффан, Абдулла ибн Мәсғуд, Зәйд ибн Сәбит, Убәй ибн Кәғб (Алла ол кісілерден разы болсын!), ал табиғиндерден Абдурахман ибн Язий, Алқама[12] және Ибраһим[13] (Алла ол кіслерге рақым етсін!) аталған топқа, яғни  Құранды бір аптада хатым еткен кісілердің қатарына жатады.

Осы орайда мән берілуі қажет нәрсе, Құран хатым ету адамдардың жағдайларына қатысты өзгеріп отырады. Кімде-кім нәзік көзқарасының арқасында Құран кереметтері мен ғажайыбын сезініп жатса, аяттардың мәнін толық түсінгенге дейін оқи бергені жөн. Сол сияқты, кімде-кім білімді жаю, дін және мұсылмандардың маңызды істерімен шұғылданып жүрсе, Құранды өз әлеуетіне кедергі бермейтіндей мөлшерде оқыған абзал.

Қазір дүние, тіршілік деп адамның бір жерде отыруы да қиынға соғады. Адам жұмыстан, оқудан шаршап келгеннен кейін демалғысы келетіні рас. Аласапыран заманда өткен ғұламалар секілді Құранды түнде бір рет хатым, күндіз бір хатым қылатын адамдар бұл дүниеде қалмаған шығар. Әр әріпі үшін 10 сауабы бар Алланың кәламын күніне 20 беттен үзбей оқу қиынға соғу мүмкін. Бірақ жеңіл түріде бар екен. Әр намаздан кейін 4 беттен оқып отырсаңыз, бір күнде 20 бет оқиды екенсіз. Сонда күніне 1 пара, 1 айда Құранды хатым қылып толық бітіресіз.

Таң намазы: 4 бет.

Бесін намазы: 4 бет.

Екінті намазы: 4 бет.

Ақшам намазы: 4 бет.

Құптан намазы: 4 бет.

5 уақыт намаз: 20 бет.

1 күн: 20 бет - 1 пара.

30 күн - 30 пара.
4 бетті шамамен оқуға орташа есеппен 7,8 минуттай кетеді.
Күніне ұялы телефонызға қанша рет қарайсыз? Сағаттап кеткен қайран уақыттың орнына минуттап болса да сауап алуға ұмтылайық.
Пайғамбарымыз ( صلى الله عليه وسلم ) аз да болса, жалғасып отыратын, үзілмейтін амал жақсы демекші, ең ұлы ғибадат Алланың кітабын ашуға деген құлшынысымыз, махаббатымыз жоғары болсын.


[1] Тәмим ибн Әус ибн Харижа. Атақты сахаба. Алғашында христиан дінін ұстанып, сосын Мәдинаға інісі Нуайммен бірге келген соң исламды қабылдаған. Мешітте бірінші болып шырақ орнатқан адам. Османның (р.а) өлімінен кейін Бәйтул Мақдисте тұрған. Хижра жыл санағы бойынша 40-жылы дүние салған.

[2] Сәғид ибн Жубәйр әл-Уәбили. Табиғин, мухаддис, муфәссир әрі фақиһ болған. Хижра жыл санағы бойынша 95-жылы Хәжжаж ибн Юусуф әс-Сәқафи тарапынан өлтірілген. Сонда Сәғид: «Уа Алла! Ол Хәжжажға менен кейін өмір берме» деп бәддұға жасайды. Хәжжаж да сол жылдың өзінде-ақ қаза табады. 

[3] Мужәһид ибн Жәбр Әбу Хәжжаж әл-Мәхзумий. Абдулла ибн Аббастың (р.а) шәкірттерінің бірі. Хижра жыл санағы бойынша Меккеде сәжде жасап тұрған хәлінде бақилыққа аттанған.

[4] Сәймиари, Ахбару Әби Ханифа уа асхабиһи, 43-б.; әз-Зәхәби, Манақиб, 23-б.

[5] Суләйм ибн Омар Әбу Сәләма Тужәйби әл-Мысри – табиғиндердің санатынан. Мысырдың қазысы болған. Бұл кісі ғибадатқа беріктігіне орай «Нәсик» деген атқа ие болған. Сондай-ақ Құранды әр түні үш рет хатым ететін еді. Хижра жыл санағы бойынша 75-жылы көз жұмған.

[6] Мухаммад ибн Әбу Юусуф ибн Яьқуб Әбу Амр әл-Киндий. 283-жылы Мысырда туылған. «Фадайл Миср әл-махруса» кітабының авторы. Мысырдың Фустат қаласында хижра жыл санағы бойынша 350-жылы өмірден өткен.

[7] Мухаммад ибн Хусайн ибн Муса ән-Нисабури. Тасаууф (сопылық) мектебінің ұстаздарынан саналады. Жазған еңбектері жүзге тартады. Хижра 412-жылы қайтыс болған.

[8] Сәйд ибн Сәлләм әс-Суфий. Қайрауанда туылған Нисабурда өмір сүрген. Мысыр мен Шамда ұстаздардан дәріс алған. Сондай-ақ бір кез Меккеде де тұрған. Өз бағытындағы ғұламалардың бірегейі болатын. Ол кісінің кереметтері де көрініс тапқан. Ол: «Алданудан сақтанудың жолы – шариғатты берік ұстану» деп нақтылайтын. Хижра жыл санағы бойынша 373-жылы қаза тапқан.

[9] Әхмад ибн Ибраһим ибн Кәсир ибн Зәйд әд-Дәурақи әл-Бағдади. Һижра жыл санағы бойынша 168-жылы туылған. Ол кісіден имам Муслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи және ибн Мәжә хадис риуаят еткен. Хижра жыл санағы бойынша 246-жылы көз жұмған.

[10] Мансур ибн Зәзән Әбу Муғира әс-Сақафи, сенімді әрі құлшылық көп жасаушы кісілерден саналады. Хижра жыл санағы бойынша 131-жылы өмірден өткен.

[11] Әли ибн Абдулла әл-Әздий әл-Бақири. Табиғиндерден, ол кісіден имам Муслим, Әбу Дәуіт және ибн Мәжә хадис риуаят еткен.

[12] Алқама ибн Қайс ибн Абдулла ән-Нахағи әл-Куфи. Лақаб есімі – Әбу Шибл. Һижра жыл санағы бойынша 62-жылы қаза тапқан.

[13] Ибраһим ибн Язид ибн Қайс ибн Әсуад ән-Нахағи әл-Куфи. Лақаб есімі – Әбу Имран, «Фақиһ» «Абид» (құлшылық көп жасаушы) деген аттармен танылған. Хадис риуаяты бойынша сенімді рауилардың санатына жатады. Хижра жыл санғы бойынша 96-жылы 50 жасында қайтыс болған. 

Сырым ШәкизадаСырым Шәкизада
7 лет назад 19844
0 комментариев
О блоге