Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сезіне алмаған мейірім нығметі (сыйы)
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сезіне алмаған мейірім нығметі (сыйы)

Бір кісі қайтыс болған анасының жаназасында тұрып жылаған екен. Қасындағылар: "Сені не жылатты?", - деп сұрағанда, әлгі кісі: "Жыламас едім, бірақ, жәннат есіктерінің бірі мен үшін жабылды", - деген екен. Алланың нығметі (сыйы) көп. Ол нығметтің бірі сіздің дүниеге келуіңізге себепші болған - АНА. Бұл сый біреуде бар, біреуде жоқ. Пайғамбарымыз (صلى الله عليه وسلم) ананың мейірімін, махаббатын толықтай сезінбеді, бірақ, рақымды, мейірімді Алла Тағаланың қамқорында, панасында еді. Құран және сүннетпен жүреміз деуші кейбір топтар анамыздың тағамын жемейміз, өйткені, ол бейнамаз, діннен ұзақ дейді. Ал, балалар үйінде қаншама жас бүлдіршіндер анасының тағамын былай қойғанда, шіркін бір көріп құшақтасам екен деп, сағына күтіп отыр... Қияметте бұл топтағы бауырлар Пайғамбарымыздың ( صلى الله عليه وسلم) жүзіне қалай қарайды екен... Алланың елшісіне берілмеген нығмет (сый) жанымызда жүр емес пе?!...

Құрметті Алладан үміті бар, жәннатты аңсаушы мұсылман бауырым! Жұмақты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Алла сізге осы өмірде жәннаттың екі есігін нәсіп етті. Ол екі есіктің кілті көркем мәміле қылу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) дүниеге келместен бұрын әкесі сапарда қаза табады. 6 жасында анасы да дүниеден өтеді. Осы жастан бастап Алла елшісі ата-ана мейірімінен мақұрым қалды. Сіздің жасыңыз нешеде? Біріміз жиырмада, отызда, қырықта... Ата-анамыз Алланың қалауымен жанымызда. Шынайы жүрекпен "Анашым мен сізді жақсы көремін" деп соңғы рет қашан айттыңыз, "Анашым қалыңыз қалай" деп соңғы рет қашан хабарластыңыз?

Аллаға иман еткен бауырым! Ешқандай себепсіз, сіздің осы өмірде жай бар болғаныңыз үшін ғана шын жүректен жақсы көретін ата-анаңызды аялаңыз! 

ислам, иман, ата-ана
Сырым ШәкизадаСырым Шәкизада
8 күн бұрын 569
0 пікір
Блог туралы